2021 ж. 15 сәуір Нұр-Султан қ.
«QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі (Бірлестік, QazaqGeography) «Алтын-Емел» және «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің жер телімдерін туристік-рекреациялық қызметті жүзеге асыруға ұзақ мерзімді пайдалануға беру үшін Қазақстан ұлттық парктері жариялаған конкурсқа қатысқаны туралы хабарлайды. Байқаудың қорытындысы бойынша «QazaqGeography» РҚБ Шарын МҰТП-та және «Алтын-Емел» МҰТП-та жеңімпаз ретінде таңдалды.
Нұрбаев Орман Кәрімұлы
«QazaqGeography» РҚБ Басқарма төрағасы:
«Қазақстанның ұлттық саябақтарына баруды таңдаған туристтер санының жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан, саябақ инфрақұрылымын дамыту проблемасы және инвестицияларды тарту қажеттілігі туындайды. Салынып жатқан қаражат қорларының ұзақ мерзімді қайтарымы және экологиялық туризмді дамытуға инвестицияларды қолдау тетіктерінің болмауы коммерциялық инвесторлардың қызығушылығының төмендігін түсіндіреді.
Экологиялық туризмді дамытудағы QazaqGeography-дің жинақталған сегіз жылдық тәжірибесін және биологиялық алуан түрлілікті сақтау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын ескере отырып, Бірлестік басшылығы, серіктестермен келіскеннен кейін, ұлттық саябақтардағы кейбір жер телімдерді ұзақ мерзімді басқару конкурсына қатысуға шешім қабылдады. QazaqGeography командасы осы саябақтарды дамытуға және болашақ ұрпақ үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың байлығы мен алуан түрлілігін сақтауға бар күш-жігерін салады!»
Қазіргі уақытта осы саябақтардың аумағында Қоршаған Ортаға Әсерін Бағалау (ҚОӘБ) жұмыстарының процедурасы жоспарланған және басталған, ол 3 кезеңде өтеді:
1) алдын-ала ҚОӘБ
2) ҚОӘБ
3) «Қоршаған ортаны қорғау» бөлімін әзірлеу
Аталған жұмыстарды орындау үшін әр түрлі ғылыми институттардың сарапшылары (ботаниктер, зоологтар, топырақ зерттеушілер, геологтар, географтар, гидрологтар және т.б.) тартылған, оның ішінде Қазақстан Республикасы География және су қауіпсіздігі институтының ұжымдары - рельеф, геология, болуы мүмкін қауіпті табиғи құбылыстар және т.б. бөлімдері, сонымен қатар, Биологиялық алуантүрлілікті сақтау жөніндегі Қазақстан қауымдастығы - өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, биоалуантүрлілік, антропогендік факторлардың әсері және т.б. бөлімдері. Сарапшылар міндетті түрдегі дала жұмыстары мен зерттеулерді бастап кетті.
Жұмыс барысында жоспарланған іс-шаралардың нұсқаларын іске асыру жолында қоршаған орта мен әлеуметтік-экономикалық ортадағы өзгерістерге талдау жасалады. Алдын-ала ҚОӘБ нәтижелері бойынша, сондай-ақ ҚОӘБ нәтижелері бойынша қоғамның кең ауқымын тарта отырып, Қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. Екі МҰТП-қа арналған бұл рәсім Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келісілген.
«Шарын» және «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері «QazaqGeography» РҚБ-ның басқаруына берілмегені және мемлекет меншігінде қала беретіні туралы айта кету керек. QazaqGeography туристік-рекреациялық нысандар салу үшін ұлттық парктің тек белгіленген жер телімдерін ғана ұзақ мерзімді пайдалану құқығын алды.
«Шарын» МҰТП-тың жалпы ауданы - 127 050 га, берілген жер учаскелерінің ауданы 4,9 га құрайды, ал салынатын нысандардың негізгі көлемі «Шарын» МҰТП-тың аумағына кіреберістің алдында орналасқан. Сол сияқты, «Алтын-Емел» МҰТП-тың жалпы ауданы - 307 мың га шамасында, ал берілген жер учаскелерінің ауданы - 12,1 га.
Жоспарланған нысандарды салуға рұқсаттар заңнамада белгіленген барлық рәсімдерден өткеннен кейін, қоғамдық тыңдаулар мен қоршаған ортаға әсері туралы сараптамалық қорытындыларды қоса алғанда, ғана беріледі. Ол тұралы міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады. Белгіленген рәсімдер кезінде келесі құжаттар ұсынылатын болады: тұжырымдама, құрылыс уақыты және объектілердің жоспарланған өтелуі, олардың қоршаған ортаға әсері, жергілікті тұрғындар үшін ашылған жұмыс орындарының саны, салықтар және осы мәселеге байланысты басқа ақпарат.
Ұзақ мерзімді пайдалану құқығының берілуі МҰТП аумағына кіру немесе саяхаттау ақысын төлеу кұнын арттыруға әкеп соқтырмайтынын ерекше атап көрсетеміз. Жоспарланған туристік- рекреациялық орындарына бару және оларды пайдалану саябаққа келушілер үшін міндетті емес, тек олардың қалауы бойынша болады.
Туристік-рекреациялық объектілерді салуға тартылған инвестицияларға республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражат пайдаланылмайды, барлық қаражат тек жеке инвестициялардан тұратын болады. Осы объектілерді пайдаланудан түскен кірістерді «QazaqGeography» РҚБ-гі биологиялық алуантүрлілікті сақтау және Қазақстандағы экологиялық туризмді дамыту салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу үшін жұмсайды деп жоспарлануда.
Анықтама:
«QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі 2013 жылы 16 қазанда құрылды. QazaqGeography бірлестігінің мақсаты - география мен сабақтас ғылымдарды зерттеу және танымал ету; ғылымға, білімге және қоршаған ортаны қорғауға жәрдемдесу; қоршаған ортаны қорғау шараларына қатысу; Қазақстанның табиғи, тарихи және мәдени мұраларын танымал ету; Қазақстандағы туризмді дамыту үшін біздің еліміздің бірегей тарихи-мәдени және географиялық нысандарына назар аударту. Қазіргі уақытта 11 аймақтық өкілдіктер ашылды.
Қосымша толық ақпарат алу үшін мына электрондык мекен-жайға хабарласыңыз: press@q-g.kz