Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында көпкүндік «Киелі Қазақстан» экспедициясы басталды. Бұл жолғы шараның ерекшелігі – қатысушылар тек жеңіл автокөлікпен емес, атқа да мініп шықты. Экспедиция ҚР мәдениет және спорт министрлігіне қарасты туризм индустриясы Комитетінің бастауымен жүзеге асып жатыр. Ұйымдастырушы - «Kazakh Tourism» ҰК, маршрутты жасап және экспедицияны өткізетін - «QazaqGeography» РҚБ.
Кәсіби мамандар он күн ішінде Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Бұйратау, Баянауыл ұлттық парктерін жүріп өтеді. Салт аттылар тәулігіне 50-60 шақырымды еңсеріп, жақын маңдағы ауылдарда лагерь құрмақшы.
Экспедициясының мақсаты — атқа міну мәдениетін насихаттап, Қазақстанда атты туризмді дамыту. Шара барысында қатысушылар салт аттылар бағытындағы қызықты мекендерде тоқтайды. Экспедиция нәтижесінде атты туризмді белсенді дамыту үшін қолдануға болатын бағыттар анықталады. Ол жерлер нақты координатаралармен, сапалы фото және бейнематериалдармен қамтылып, толық сипатталады. Әрі қарай бұл ақпараттың барлығы отандық туркомпанияларға беріледі.
Аталмыш экспедиция құрамында атқа мінудің қыр-сырын жіті білетін тәжірибелі шабандоздар, туроператор өкілдері, тревел-блогерлер, тілшілер, фотографтар мен видеооператорлар бар. Айта кетер жайт, қатысушылар арасында ат дорбасын арқалап арнайы АҚШ-тың Чикаго штатынан келген қонақ бар. «Атбегілік Қазақстан туризмін жаңа бағытқа қарай бұрады деп есептеймін. Дәл мен сияқты туристердің басқа құрлықтан қазақ еліне келуіне әсер етеді. Қазіргі таңда көптеген туристерді белсенді демалу түрі қызықтырады.Сондықтан, Қазақстанөзге де орталық Азия мемлекеттері сияқты осы трендты жақсылап қолдана алады деп есептеймін», дейді аталмыш экспедицияның қатысушысы, әрі Вашингтон университетінің ғылыми қызметкері Дуглас Ларсон.
Экспедицияның соңғы нүктесі - Баянауыл ұлттық паркінің аумағында орналасқан Жасыбай көлінде 29-маусымға жоспарланған.
Аталмыш жоба «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға елеулі үлес қосатындығын атап өту қажет. Сондай-ақ, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған атқа міну мәдениетін жаңғыртуға байланысты тұсына сәйкес келеді.
«Біздің мақсатымыз – ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесін қазақелінің мәдени ерекшелігі екенін жастарға насихаттау. Өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен ұлттық рухты көтеріу. Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты əлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дəстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дəуірге деген құрметтің белгісі. Сондықтан, еліміздің туризмін дамыту тамыры терең тарихтан бастау алу керек деп есептеймін. Ал жылқыдан алынатын өнім мен спорт ретінде адам ағзасына әкелер пайдасы айтпасақ та белгілі нәрселер», дейді Ақылбеков Берік, «Киелі Қазақстан» атты экспедицияның жетекшісі.
Экспедицияның толық жүріп өтетін орындары: Нұр-Сұлтан қ. – Приречное а. – Қарағайлы археологиялық кешені – Соколиные горы (Бұйратау ҰТП) – Балықты а. – Алғабас а. – Белодымовский кордон, Қараағаш (Бұйратау ҰТП ) – Әлкей Марғұлан а. – Қарабұлақ а. – Теңдік а.– Семізбұға а. – Шалқар а. – мавзолей Бұхар Жырау – Жаңатілек а. – Егіндібұлақ а. – Баянауыл –Жасыбай көлі (ГНПП Баянауыл ҰТП) – Нұр-Сұлтан қ.
Анықтама үшін:
«Kazakh Tourism» ҰК Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2017 жылы шілдеде құрылған. Компанияның негізгі міндеттері: еліміздің туристік әлеуетін шетелде насихаттау, сонымен қатар Қазақстанның туристік саласына инвестиция тарту.
QazaqGeography бес бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: география, климат; қоршаған орта, табиғи ресурстар; биоалуантүрлілік; туризм, саяхат, өлкетану; тарихи-мәдени мұра, этнография. Қазір Қазақстан Республикасында 11 өкілдік ашылған.