10 тамыз күні Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінде Кеңсе басшысының орынбасары Е.Ж.Бабакумаровтың басшылығымен QazaqGeography медиа-кеңесінің бірінші мәжілісі өтті.
QazaqGeography медиа-кеңесі ақпараттық стратегияны құру, QazaqGeography мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара әрекеттерін қамтамасыз ету, QazaqGeography-ның ақпараттық, баспа және ағартушылық қызметін үйлестіру мақсатында құрылған. Медиа-кеңестің жұмысы QazaqGeography-ның іс-шаралары туралы жұртшылықты ақпараттандыруға және география ғылымы мен табиғат, қоғам және мәдениет ғылымдарын танымал етуге мүмкіндіктер ашады.
QazaqGeography медиа-кеңесінің құрамына Қазақстанның жетекші БАҚ басшылары мен қызметі Қазақстан Республикасының табиғат, қоғамдық және мәдени әлеуетін дамытумен байланысты министрліктердің басшылары кірді. Оларға жататындар: білім, мәдениет және спорт, дін және азаматтық қоғам істері, ауыл шаруашылығы жөніндегі вице-министрлер; ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі; «Еуразиялық Топ», «Kazminerals» ЖШС өкілдері; жетекші БАҚ басшылары мен өкілдері, оның ішінде «Хабар» агенттігі», «Евразия+ОРТ», «КТК» коммерциялық телевизиялық арнасы», «Алаш Медиа Групп», «Қазақстан» РТРК, «31 Канал» ТРК, «Казконтент», «Казинформ» МАА, «Астана» телевизиялық арнасы; Қазақстандық интернет даму және ресурстар қауымдастығы; Қазақстанның интернет қауымдастығы; «Нур-Медиа», GreenPRKazakhstan, NationalGeographicKazakhstan және «Мир Путешествий» ғылыми-танымдық журналы.
Мәжілісте QazaqGeography қызметін ақпараттық таныту бойынша ұсыныстар тыңдалып, медиа-кеңестің мәжілістерін өткізу кезеңділігі анықталды. Медиа-кеңестің мүшелері QazaqGeography-ның қызметін ақпараттық қамтамасыз етуді дамыту жоспарларын талқылады және медиа-кеңестің құрамы мен 2017 жылдың соңына дейінгі іс-шаралар жоспарын бекітті. Медиа-кеңестің төрағасы болып Бабакумаров Е.Ж., ал хатшысы – Есдаулетов Д. Р. болып сайланды.